Базалық мөлшерлеме Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының ақша нарығында номиналдық банкаралық пайыздық мөлшерлемелерді реттеуге мүмкіндік беретін негізгі құралы болып табылады. Базалық мөлшерлеменің деңгейін белгілей отырып, Ұлттық Банк ортамерзімді кезеңде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін ақша нарығының таргеттелетін (нысаналы) банкаралық қысқамерзімді мөлшерлемесінің нысаналы мәнін айқындайды.
Ақша нарығының нысаналы банкаралық қысқамерзімді мөлшерлемесі TONIA индикаторы – Қазақстан қор биржасында автоматты РЕПО секторында жасалған бір жұмыс күні мерзіміне РЕПО ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме болып табылады.
Базалық мөлшерлеменің өзгеруі ақша нарығының пайыздық мөлшерлемелері және айырбастау бағамы арқылы инфляция деңгейіне әсер етеді. Мысалы, базалық мөлшерлемені арттыру ақша нарығының пайыздық мөлшерлемелерінің өсуіне, одан кейін қаржа нарығындағы қаражаттың қымбаттауына апарады, бұл, өз кезегінде, халықтың және кәсіпорындардың тұтынуға және жинақтауға қатысты шешім қабылдауына ықпал етеді. Тұтынудың төмендеуі және жинақтардың артуы инфляцияға төмендету әсерін тигізеді. Оның үстіне, базалық мөлшерлеменің өсуі ұлттық валюта бағамының нығаюына ықпал етеді, бұл, өз кезегінде инфляцияға төмендету әсерін тигізеді.
Бұл ретте, базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляцияға ортамерзімді кезеңде ықпал етеді, ал қысқамерзімді кезеңде оның әсері шектеулі.
Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша шешімді алдын ала белгіленген кестеге сәйкес немесе қажеттілігіне қарай қабылдайды.
|