Айырбастау бағамы саясатының қолданыстағы режімі – бұл теңгенің өзгермелі айырбастау бағамы. Айырбастау бағамы іргелі факторлардың ықпалымен қалыптасады. Қазақстандық теңгенің серпіні үшін мұнайдың әлемдік бағасы, сондай-ақ негізгі саудадағы әріптес елдердің, бірінші кезекте Ресейдің валюталар бағамы негізгі іргелі факторлар болып табылады.
Теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының режімі туындайтын сыртқы күйзелістерді тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Нақты айырбастау бағамының тепе-тең деңгейіне нарықтық тұрғыдан қол жеткізу, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін сақтау, ағымдағы операциялар шоты бойынша елеулі теңгерімсіздіктердің алдын алу және халықаралық резервтердің төмендеуіне жол бермеу өзгермелі айырбастау бағамы режімінің басымдықтары болып табылады. Ұлттық Банк бағам белгілеу процесіне араласпайды, бұл ретте теңге бағамының тым артық өзгеруінің алдын алу үшін, сондай-ақ қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өктемдік жүргізуге құқығы бар. Өктемдіктер жалпы алғанда өзгермелі айырбастау бағамы саясатына қайшы келмейді және оны орталық банктер, оның ішінде елдің халықаралық резервтерін толықтыру үшін жүргізе алады.
Валюталардың күн сайынғы ресми (нарықтық) бағамдары
Ұлттық Банк белгілейтін нарықтық және ресми бағамдар 6 қаңтардан бастап 1 ақпан аралығындағы кезеңде бағамдарды есептеу схемасымен айрықшаланды. Нарықтық бағам Алматы қаласының уақыты бойынша сағат 11:00-дегі жағдай бойынша биржаның таңғы (негізгі) сессиясында қалыптасқан теңгенің АҚШ долларына қатысты орташа алынған биржалық бағамы ретінде қалыптасты, қалған валюталарға қатысты сағат 15.00-де қайта есептеу жүргізілді, ал ресми бағам 2 сессияның (таңғы және күндізгі сағат 15.30 жағдай бойынша) қорытындылары бойынша қалыптасты және сағат 16.00-де басқа валюталарға қатысты қайта есептеу жүргізілді.
Ресми және нарықтық бағамдар бойынша бағамдарды есептеу схемасы 2016 жылғы 2 ақпаннан бастап бірдей, осыған байланысты файл да 2016 жылғы 6 қаңтарға дейінгі сияқты бұрынғы режімде қалыптасады. 2016 жылғы 6 қаңтардан бастап 2016 жылғы 1 ақпан аралығындағы кезеңдегі нарықтық бағамы бар мұрағатты «Статистика» - «Валюталар бағамдары» - Валюталардың күн сайынғы нарықтық бағамдары (мұрағат) бөлімінде таба аласыз.
|